«Жолда жүру ережелері» міндетті оқу курсының талдауы 2023-2024 о.ж.
«Жолда жүру ережелері» міндетті оқу курсын жүзеге асыру.
Мектепте «Жол жүру ережелері» кіріктірілген оқу бағдарламасы (бұдан әрі ЖЖЕ) сынып сағаттарының есебінен және сабақтан тыс уақытта жүргізіледі. 1-4 сыныптарда әр сыныпта 6 сағаттан, 5-8 сыныптарда әр сыныпта 10 сағаттан өткізіледі. 1-8 –сыныптарға арналған сабақтың үлгі ретінде алынған тақырыптары 2017-2018 оқу жылына арналған Әдістемелік нұсқау хаттан алынған.
Жол ережесін сақтау мен жол қауіпсіздігі тұрақты бақылауға алынған. 1-4 сынып, 5-6 сынып, 7-8 сынып, 9-11 сыныптар арасында оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес оқу-ағарту шаралары өткізілді.
Жалпы ата-аналар жиналысында ата-аналарға жолда жүру ережелері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді, ата-аналар да баланың өмір қауіпсіздігіне байланысты шараларға өз үлестерін қосуда.
Мектепте өзін –өзі басқару ұйымының мүшелері мен «Жас полицей көмекшілері» ұйымының мүшелері бастауыш сынып оқушыларымен «Мектепке баратын жолда» тақырыбымен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Онда оқушылар жол қауіпсіздігіне байланысты бейнероликтер жасап, дәрістер оқып бастауыш сынып оқушыларының назарына ұсынады, тәрбие сағаттарын өткізеді. Қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған жарнама бойынша (суреттер) оқушылар арасында шығармашылық жұмыстар байқауы өткізілді.
Бастауыш сыныптарда ата-аналардың қатысуымен «Абай болайық!» сынып сағаты өткізіліп, баланың мектепке баратын жолындағы қауіпсіздігі үйретілді. ЖЖЕ-ге қатысты өткізілген сынып сағаттарының барлығы мектептің Instagramm парақшасына салынды.
Мектеп айналасындағы көлік жолдарында арнайы белгілер орнатылған, жаяу жүргінші жолдары сызылып, арнайы жолақтар мен белгілер жаңартылды, жолдарда жылдамдықты төмендету белгілері бар. мектептің жанындағы жолға жылдамдықты шектейтін жол белгілері, жаяу жүргінші өткелі бар.
Осындай бірлесе жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жасөспірімдер арасында жол-көлік оқиғалары орын алмады.